Қазақстанда вейптерді сатуға және оларды жарнамалауға тыйым салынады

Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 сәуір - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Жаңа Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таратпау және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған. Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қолдауға арналған түзетулер қабылданды.
“Атап айтқанда: тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан балалары үшін басым тәртіппен орын алу, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқықтары берілді”, - деп жазды Ақорда.
Сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді.
Жаңа Заңда:
басы артық есеп немесе ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді;
аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі.
“Бұдан бөлек, Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған”, - дейді ведомство.
Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.