АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғызстан президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген.
"Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келдік. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес", – деді президент.
Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды
"Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндеттемені толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын", – деді президент.