"Видеоға түсірме дедік": Петропавлда гуманитарлық көмек таратқан имам соққыға жығылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 сәуір - Sputnik. Петропавлдағы орталық мешітте гуманитарлық көмек тарату кезінде қала тұрғыны имамға қол көтерген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дау имамның ер адамға жасаған ескертуінен туған. Ал куәгерлер болса имамның артық кеткен жері жоқ дейді.

“Мен қайырымдылық көмек алуға мешітке келдім. Мешіт қызметкерлері есеп үшін тізімге тіркеліп, фотоға түсу керектігін айтты. Сол кезде бір адам мешітке кірген бойда мені видеоға түсіре бастады. Мен видеоға түсірмеуді талап еттім. Имам да, тағы 3-4 адам да ескертті, ал имам тарапынан ешбір қоқан-лоққы болған жоқ. Бірақ жаңағы жас жігіт ешкімді тыңдамады, видеоға түсіруді тоқтатпады, тіпті жанжалдасып, имамды соғып жіберді. Полиция шақырып, барлығын түсіндірдік. Видеоға түсірген адам өзін дөрекі ұстады”, - дейді Гүлмира есімді Петропавл қаласының тұрғыны.

Жанжал 15 сәуірде Көкшетаудан жеткен гуманитарлық көмекті таратып жатқанда болған.
“Бас имам маған гуманитарлық көмекті тарату туралы тапсырма берді. Келген адамдардың тізімін алып, тіркеп отырдық. Тұрғындарға берілген көмек туралы есебін жасап, фотоға түсірдік. Сырттан Гүлмира деген кісі келді, үйлері суға кеткен, сол кісіге көмек беріп жатқан едік. Руслан Қайырбеков деген кісі видеоға түсіре бастады. Гүлмира деген кісі видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Екеуі сөзге келіп қалды. Мен ескерттім, менен кейін 3-4 адам ескертті. Соңында Гүлмира апай ұрыса бастады. Кейіннен мен де ашуландым, бірақ аузымнан еш дөрекі сөз шыққан жоқ, балағаттамадым. Жаңағы Руслан деген кісі келіп, жұдырықпен бетімнен ұрып жіберді. Маған тағып отырған айыбы мен оған ауыр сөз айтып балағаттаппын”, - дейді Петропавл орталық мешітінің имамы Мақсат Жұмажанов.
Имамның айтуынша, алты жыл мешітте қызмет еткенде мұндай оқиға болмаған.
“Руслан Қайырбеков қайырымдылық жасағаны үшін 15 тәулікке жабылды деген ақпарат тарап жатыр. Бұл жалған ақпарат, оқиға басқаша болған. Белсендімін деген азамат қайрымдылық жасағаны үшін емес, сондай шара кезінде адам ұрғаны үшін кінәлі деп танылды. Имам белсендінің үстінен арыз жазған жоқ, арыз жазған бойда Русланның үсітен әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалар еді. Бірақ бұндай кішіпейлідікті өкінішке орай Руслан Қайрбеков түсінбеді. Құрметті бауырлар, әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа сеніп, бүлік тудыруға болмайды. Қазіргі ел басына күн туған уақытта арандатушы топтардың сөзіне ермей, қиындықпен бірге күресейік”, - дейді облыстық "Қызылжар" орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбаев.
Имамды ұрған белсенді 15 күнге қамалды.
“Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек тарату пункттерінің бірінде Петропавл қаласы тұрғындарының арасында жанжал орын алды. Бұл факті бойынша әкімшілік материал жиналды. Құқық бұзушы өз кінәсін мойындады. 16 сәуір күні сот шешімімен оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды”, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.