АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 595 теңге болды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 926,5 млрд теңге зейнетақы төленген. Соның ішінде базалық зейнетақы – 291,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 635,1 млрд теңге.
"2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 595 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 89 901 теңге, базалық зейнетақы – 42 694 теңге", - делінген хабарламада.
Қазір республикадағы зейнеткерлер саны – 2 млн 364 мың адам.
Министрлік 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды.