АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Асхат Жұмағалидің төрағалығымен 1 тоқсанның қорытындысы бойынша жедел мәжіліс өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Өткен кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары 69 талдау және мониторинг жүргізіп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 565 ұсыным мен ұсыныс енгізген.
"Алдын алу шараларының нәтижесінде, оның ішінде жемқорлыққа қарсы еріктілер арқылы 17 млрд теңгеден астам қаражатты негізсіз пайдалануға жол берілмеді", - делінген хабарламада.
1 тоқсанда 43 проблемалық кейс бойынша 5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 488 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді.
Сыбайлас жемқорлық жасауда 296 адам әшкереленді, оның 59-ы әртүрлі деңгейдегі басшылар.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша 188 млрд теңгеден астам шығын өтелді.
Агенттік төрағасы өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шараларға бөлінетін бюджетті мониторингтеу қажеттігіне ерекше назар аударды.
Қаражаттың мақсатты және тиімді бөлінуін қатаң бақылау міндеті бірінші орынға қойылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы азаматтарға келтірілген залалды өтеуге байланысты алаяқтық пен бопсалаудың ықтимал фактілері бойынша тұрғындардан өтініштер мен хабарламаларды тәулік бойы қабылдауды тапсырды.