АСТАНА, 17 сәуір - Sputnik. Елімізде құқық қорғау институты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама әзірлеп жатыр. Бұл туралы президентпен өткен кездесуде омбудсмен мәлімдеді.
Ол президентке азаматтардың құқықтарын қайта қалпына келтіру және қорғау жөніндегі жылдық есеп берді.
Былтыр омбудсменнің атына 5 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе көп.
Азаптаулардың алдын алу үшін оқшаулау мекемелерінде мыңнан астам кездесу өткізілген, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша 3,5 мыңнан аса ұсыным берілген, 275 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
Нәтижесінде 900-ден астам адамның құқығы қорғалды.
Бұдан бөлек, адам құқықтары жөніндегі уәкіл президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты.
Тоқаев адам құқығын қорғауға кепілдік беру ісін одан әрі күшейту қажет екеніне назар аударды.