"Семей Орманы" резерватының трагедиясы қайталанбауға тиіс – Бозымбаев

Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық шеңберінде 272,5 млн га алаңда ғарыштық мониторинг жүргізілуде
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда ТЖМ-де 441 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Өңірлерде 230 ерікті құрылым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 709 бекеті бар.
Вице-премьер мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ жерлерде тағы 49 өрт сөндіру бекетін құруды жеделдетуді тапсырды.
Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық шеңберінде 272,5 млн га алаңда ғарыштық мониторинг жүргізілуде, алайда жер серіктерінен алынған деректер, тек ел аумағы толық барланған соң, бірнеше сағаттан кейін ТЖМ станциясына жіберіледі.
Бүгінде ЦДИАӨМ виртуалды станция құру бойынша жұмыс істеуде. Бұл өрт ошағын анықтау және жер серіктен түсірілімді жүктеу арасындағы уақытты 20-40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев "Семей орманы" резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ЖЖМ резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру станциялары ғимараттарының апатты күйде не тіптен болмауы, өрт сөндіру мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы сынды кемшіліктер анықталған. Рациялардың болмауы және арнайы киімдердің жетіспеушілігі мәселелері де өзекті.
Қанат Бозымбаев былтырғы "Семей Орманы" резерватының трагедиясы қайталанбауға тиіс екенін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
"Абай және Қостанай облыстарында болған ірі табиғи өрттердің салдары әлі де есімізде. Әрбір қызметкерді өртке қарсы арнайы киіммен, рациялармен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді", — деді Қанат Бозымбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер өңірлердің әкімдіктеріне бір аптада табиғи өрттер қаупін төмендету бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және бекітуді тапсырды.
"Облыс әкімдері өңірлік іс-шаралар жоспарларын іске асыруға тікелей жауапты", — деді Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ ТЖМ-ге бір апталық мерзімде аэровизуалды бақылау және өртті сөндіру үшін көрсетілетін тікұшақ қызметінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.