"Масс-медиа туралы" заңнан баспасөз картасы туралы норма алынып тасталды

Теле және радиоарналарда қазақ тілді, отандық контент көбейеді
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Мәжіліс "Масс-медиа туралы" заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

БАҚ материалдары үшін бір жылдық ескіру мерзімі белгіленеді

"Масс-медиа туралы" заң күшіне енгеннен кейін "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңдардың күші жойылады.
БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғау үшін БАҚ материалдарына талап қоюдың ескіру мерзімі енгізіледі. Бірінші оқылымда мұндай ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап үш жыл деп белгілеу ұсынылды. Талқылау нәтижесінде ол мерзім бір жылға дейін қысқартылды.
Сонымен қатар заң журналистердің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеп, бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеттерін нақтылайды.

Баспасөз картасы туралы норма масс-медиа туралы заңнан алынып тасталды

Еске сала кетейік, "Масс-медиа туралы" заң жобасын әзірлеушілер журналистерді аккредиттеу рәсімін жеңілдету және автоматтандыруға арналған баспасөз карталарын енгізуді ұсынған болатын. Бірінші оқылымда талқылау барысында аккредиттеу мен баспасөз картасының тұжырымдамалық айырмашылығының болмауына байланысты бұл норма дау тудырды. Нәтижесінде жұмыс тобы оны заңнан алып тастау туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ "бұқаралық ақпарат", "діни телебағдарлама", "теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік" ұғымдары алынып тасталды.
Бұл ретте "журналистің ерекше мәртебесі" және "аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі" ұғымдары енгізіліп, "журналистерді (БАҚ өкілдерін) аккредиттеу" және "масс-медиа мониторингі" ұғымдары нақтыланады. Осы орайда уәкілетті органға бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу құзыреті жүктеледі.

Теле және радиоарналарда қазақ тілді, отандық контент көбейеді

2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалар мен отандық өнім олардың жалпы көлемінің кемінде 55 пайызын, 2027 жылдан бастап 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл талап "Масс-медиа туралы" заңға енгізіледі.
Шетелдік теле-, радиоарналардың бағдарламаларын қайталап көрсету отандық арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарады.
Сонымен қатар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне мемлекеттік теле-, радиоарналар өнімінің қоғамдық көлікте таратылуын қамтамасыз ету және бақылау құзыреті жүктеледі.

Сайттар интернет-басылымдарға теңестіріледі

"Масс-медиа туралы" жаңа заңда желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер біртұтас "интернет-басылым" ұғымына біріктіріледі. Интернет-басылымдар БАҚ түрінің бірі болады және заңға сәйкес тіркеле алады.
Интернет-басылымның материалдарын оның атауы мен шыққан күнімен бірге алып жүру міндеті белгіленді. Сондай-ақ ақпарат агенттігінің хабарламалары мен материалдарын басқа БАҚ таратқан кезде міндетті түрде сілтеме жасауы керек.

БАҚ өтініштеріне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды

Журналистер ақпарат иесімен телефон арқылы, жазбаша немесе электронды құжат нысанында ауызша сұрау салу арқылы байланысуға құқылы.
Жаңа ережеге сәйкес, сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше белгіленбесе, оны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сұрау салу нысаны мен тілінде БАҚ-қа беріледі.