Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды – тікелей трансляция

Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Астанада 2024 жылғы 17 сәуірде сағат 10:00-де аса қатыгездікпен әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша он екінші сот отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот залынан онлайн-трансляцияны Қазақстанның Жоғарғы соты жүргізеді.

Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Экс-министрдің ісі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр және судья болып осы соттың төрағасы Айжан Құлбаева тағайындалды. Күдікті ретінде Қуандық Бишімбаев пен оның ағасы Бақытжан Байжанов айыпталуда.
Айта кетейік, 27 наурызда Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы басталған еді.
Содан бері өтіп жатқан сот отырыстарында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

Салтанат Нүкенованың өлімі

Өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың қатты мас болғаны, тіпті есірткіге мас болғаны туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
ІІМ сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған еді. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.
Кейіннен ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Салтанат Нүкенованың өлімі: Бишімбаевтың туысы видеоны жоюға тапсырма бергенін мойындады