Бишімбаевтың адвокаты Нүкенова мен құрбысының хаттарын дәлелдемеден алып тастауды сұрады

Бишімбаевтың қорғаушысы Нүкенованың құрбысымен жазысқан хаттарының скриншоттарын дәлелдемелерден алып тастауды сұрады, бірақ сот оның өтінішін қабылдамады
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір — Sputnik. Экс-министрдің ісі бойынша сот Бишімбаевтың адвокаттары ұсынған мәскеулік сарапшылардың берген қорытындыларын қабылдамағаннан кейін, қорғаушы тарап жаңа өтініш берді.
Қайтыс болған Салтанат Нүкенова мен оның құрбысы Аида Ахмединаның жазысқан хаттарын Бишімбаевтың адвокаты дәлел деп танымауды сұрады.
Адвокат Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, Ахмединаның ұялы телефоны іске заттай дәлел ретінде тіркелген. Алайда, оның айтуынша, тергеуші Ахмединадан қауіпсіздік туралы қолхат талап етпеген. Телефонды жоғалтқаны үшін жауапкершілік барын ескертпестен оны қайтарғаны туралы қолхат берген.
Қорғаушы заттай дәлелдемені сот талқылауында зерттегенге дейін сақтауды тергеуші әдейі қамтамасыз етпеген деп санайды. Бұл хат-хабарламалардың түпнұсқасымен салыстыруға мүмкіндік бермейді.
"Түпнұсқамен салыстыру мүмкіндігінің болмауы хат-хабарламалар арқылы манипуляция жасауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Ғазымжанов.
Оның айтуынша, хат-хабарлардың фотосуреттері күн тек бірінші фотосуретте, ал қалғандарында көрінбейтіндей етіп түсірілген.
"Бұл тергеушіге хаттардың жаңа мәтіндерін жасауға және оларды 2023 жылғы 19 сәуірдегі жазысқан хаттардың жалғасы түрінде қосуға мүмкіндік береді", - деді адвокат Ғазымжанов.
Мысал ретінде Бишімбаевтың қорғаушылары басқа мазмұндағы жаңа мәтіндерді жасап, оны алқабилердің назарына ұсынды.
Жәбірленуші тарап куәгердің сынған телефонын қалпына келтіруге, сондай-ақ оның жаңа телефонын зерттеуге болатынын айтты, өйткені WhatsApp-тағы барлық хат-хабарлар сол жерге көшірілген.
Судья Айжан Көлбаева сотта Ахмединаның айғақтарына сенбеуге негіз жоқ екенін атап өтті. Сот сонымен қатар Ахмединаның ұялы телефонын тексеру хаттамасын тергеуші бұрмалаған деген уәждері бойынша қорғаушыға сөгіс жариялады.
"Егер қорғаушы тарапта тергеушінің бұрмалауға қатысы бар екендігі туралы сенімді ақпарат болса, бұл дәлелдерді сотқа жеткізіңіз, егер олар негізсіз болса, алдағы уақытта сізге өз уәждеріңіз үшін жауап беруге тура келеді. Өйткені сот ел алдында өтіп жатқандықтан тергеуші құжатты бұрмалады деп халық ойлауы мүмкін", - деп түсіндірді судья Көлбаева.
Адвокат Ерлан Ғазымжанов судья процесті біржақты жүргізіп жатқанын, ал қорғаушы кез келген дәлелге күмән келтіруге құқылы екенін тағы да мәлімдеді.
Судья Айжан Көлбаева қорғаушыны тыңдап, оның қарсылығын қабылдамады, өйткені Ғазымжанов шындыққа сәйкес келмейтін мән-жайларды келтірді.
Айта кетейік, 10 сәуір күні сотта марқұм Нұкенова мен оның құрбысы Аида Ахмединаның жазысқан хаттары оқылды. Онда Нүкенова құрбысына күйеуінің соққыға жыққанын айтқан. Хатта Салтананат Бишімбаевтың Нүкенованы кепілдік үшін жалаңаш видеоға түсіргенін, сондай-ақ Бишімбаевтың қызғанышын жеткізген.
"Мен оған сен "айуансың" деп айттым, бірақ ол мені видеоға түсірмей жібермейтінін білдім", - делінген Нүкенованың жазған хатында.
Еск сала кетейік, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып отыр.
Қылмысты жасырды деген күдікке ілінген оның туысы Бақытжан Байжанов та айыпталушылар қатарында.
Сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр, сотқа судья Айжан Көлбаева төрағалық етуде.
Бишімбаев ісі: сот ресейлік сарапшының қорытындысын қабылдамады