Бишімбаев ісі: сот ресейлік сарапшының қорытындысын қабылдамады

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы судьяның ресейлік сот сарапшыларының қорытындысын қабылдауға жарамсыз деп танудан басталды
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Мәскеулік мамандардың қорытындысы жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Судья Айжан Көлбаева мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, мәскеулік мамандар Келдешов пен Тұмановтың, сондай-ақ қазақстандық маман Тілемісовтің сот отырысына шақырылған сарапшылардың қорытындысына қайшы келетін қорытындыларын айғақтар қатарынан алып тастады.
"Сот зерттеу жүргізу кезінде іс жүргізу тәртібі бұзылды, жәбірленушінің құқықтары бұзылды, зерттеудің жан-жақтылығына, әділдігіне және қорытындының негізді екеніне әсер еткен елеулі заңбұзушылыққа жол берілді деп санайды", - деп түсіндірді судья.
Бұған дейін Бишімбаев пен Байжановтың қорғаушылары ешқандай заңбұзушылық жасамағанын, келісімшарт бойынша қорғаушылар үшінші тарап мамандарын тарта алатынын және олардың қорытындысын процестің бір бөлігі ретінде зерделеу керектігін алға тартқан.
Астанада аса қатыгездікпен әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша он екінші сот отырысы өтіп жатыр.
Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды – тікелей трансляция