Қоғам

Су тасқынының екінші толқыны: мамандар қай өңірлерге қауіп төніп тұрғанын айтты

Көрші елдің су қоймасынан Қазақстанға мол су келе жатыр
Sputnik
АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. Ел тұрғындарын әбігерге салған су тасқыны әлі басылар емес. Мамандар көп ұзамай бірнеше өңірде су тасқынының екінші толқыны басталады деп ескертіп жатыр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалында.

Ресейден тасқын су келе жатыр

"Қазгидрометтің" гидрологиялық мониторинг басқармасының басшысы Бауыржан Жекіжановтың айтуынша, қазір Ақмола облысында су тасқынының екінші кезеңі жүріп жатыр. Жабай және Қалқұтан өзендері оянып, су әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысына барады.
"Петропавл қаласында алдағы екі күнде су тасқынының бірінші толқыны шарықтау шегіне жетеді деп күтіп отырмыз. Одан кейін су ағынмен Ресей жаққа қарай кетеді", - деді ол.
Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында да су тасқынының екінші толқыны басталады деген болжам бар. Жазық далада қауіп сейілген, алайда күннің жылынуынан таудағы қар еріп, таулы өзендерде су тасуы мүмкін. Сондай-ақ Үлбі мен Оба өзендері де қауіп төндіріп тұр.
Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында да жағдай мәз емес. Жайық өзенінің Ресей аумағындағы Ириклин су қоймасынан Қазақстанға тасқын су келе жатыр.
"Жайық өзенімен Ресей жақтан келе жатқан су екінші толқын тудырады. Біздің шекараға болжаммен алдағы екі-үш күнде жетеді деп отырмыз. Ал Орал қаласының өзіне 18 мен 20 сәуір аралығында келеді. Су деңгейі қауіпті шектен асып, жақын маңдағы елді мекендерді су басады деген қауіп бар", - дейді Жекіжанов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитеті су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғалымжан Қамбарбеков Батыс Қазақстанға жеткен су Атырау облысына да баратынын ескертті.
"Су тасқынының екінші толқыны Атырауда да басталады. Себебі Жайық өзенінің Қазақстан аумағында ешқандай су қоймасы салынбаған. Яғни суды ұстап қалатын ешқандай гидротехникалық құрылғы жоқ. Сондықтан қанша су келді, сонша су Атырау облысына да барады. Сосын Атырау облысы арқылы Каспий теңізіне құяды. Сол себепті Ресейден мол судың келуіне байланысты Атырау облысында да қарқынды дайындық жұмыстары жүріп жатыр", - деді ол.

Су қоймаларындағы жағдай

Қамбарбековтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы – Сергеев және Петропавл су қоймалары 100 пайызға толып тұр.
"Қазір Петропавл аймағында су тасып жатыр. Себебі Сергеев су қоймасынан тасталған судың әсерінен Петропавл су қоймасына секундына 5 мың шаршы метр су келіп жатыр. Су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Ақтөбе, сондай-ақ Қарағанды облысының үш су қоймасында жағдай тұрақты. Су тасу кезеңі өтті. Ал Шығыс Қазақстан облысының екі су қоймасында 80 пайызға жуық су жинақталған. Абай облысында Шүлбі су қоймасының толуы – 82,7%, БҚО-дағы 4 су қоймасында 77 пайызды құрайды", - деп мәлімдеді министрлік маманы.
Қостанай облысындағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары 92 пайызға толған. Олар штаттық режимде жұмыс істейді. Ондағы су тасу кезеңі шарықтау шегінен өткен.
"Қазіргі кезде Астана су қоймасы 100 пайызға, ал контрреттегіш 48 пайызға толып тұр. Демек 52 пайыз әлі де бос кеңістігі бар. Яғни ешқандай қауіп жоқ. Астанаға келген судың бәрі қадағаланып, бақыланып отыр", - деп сендірді Қамбарбеков.

20 емес, 57 су қоймасы қажет

Қазақстан аумағында көптен бері болмаған ірі су тасқыны біраз мәселенің бетін ашқан. Мәселен су ресурстары және ирригация министрлігі қабылдаған 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамада 20 жаңа су қоймасының құрылысы бекітілген еді. Алайда биылғы апаттан кейін елімізге 20 емес, 57 су қоймасы қажет екені анықталған.
"Президенттің ескертуінен кейін осы тұжырымдама аясында су тасқынына қарсы күрес мәселелері де қарастырылады. Министрлікте айтылғандай, 20 су қоймасын 57-ге дейін арттыру мәселесі көтерілді. Олардың құрылысы әлі нақтыланады. Мысалы, гидрографиялық ерекшелігіне байланысты Жайық өзенінде осы кезге дейін су қоймасы салынбаған. Жайық өзені көп таси бермейді. Бұл бірнеше жылда бір қайталанатын су тасу кезеңі болып отыр. Өйткені өзен бірнеше жыл бойы су тапшылығын бастан өткерді. Биыл ғана су көп келіп жатыр. Енді алдағы жоспар бойынша су қоймасының құрылысын жобалау мәселесі қаралады", - деп түсіндірді бас сарапшы.
Оның айтуынша, биыл Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 5 су қоймасы салынады. Сондай-ақ 15 ірі су қоймасына күрделі жөндеу жасалады. Осы жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы басталады.
Қамбарбековтың сөзіне сенсек, 20 су қоймасының құрылысына республикалық бюджеттен 200 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Қоғам
Бұрын-соңды болмаған су тасқыны: зардап шеккендерге кім ең көп ақша аударды