Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс: бұл мемлекеттерде қанша қазақстандық тұрады

14 сәуірге қараған түні Иран Израильге зымыранмен, ұшқышсыз ұшатын аппараттармен шабуыл жасады. Әскери нысандарға, атап айтқанда, Негев шөліндегі авиабазаға соққы берілді
Sputnik
АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Израильде консулдық есепте елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қосқанда 123 Қазақстан азаматы тіркелген. Расталмаған мәлімет бойынша Израильде консулдық есепте тұрмаған тағы жүзге жуық қазақстандық болуы мүмкін. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте мәлім етті.
Тель-Авив халықаралық әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Израильдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнатылған, деді ол.
"Израильде тұратын Қазақстан азаматтары біздің консулдармен үнемі байланыста. Елден кету немесе сонда қалу туралы шешімді өздері қабылдауы керек, біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз", - деп түсіндірді Смадияров.
Сонымен қатар Иранда қазақстандық компаниялардың бірінің 174 қызметкері жұмыс істейді.
"Бұл азаматтар вахталық әдіспен жұмыс істейді, сондықтан есепте тұрмайды. Алайда олардың барлығы біздің консулмен байланыс орнатқан", - деп сендірді Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін Иран Израильге зымыранмен және ұшқышсыз ұшатын аппараттармен шабуыл жасаған болатын. Әскери нысандарға, атап айтқанда, Негев шөліндегі авиабазаға шабуыл жасалды.
Иран бұл шабуылдың Дамасктегі Иран консулдығына жақында жасалған Израильдің зымыран соққысына жауап екенін ресми түрде мәлімдеді. Иран қарулы күштері бас штабының басшысы Мұхаммед Багери Иран операцияны жалғастыруды жоспарлап отырмағанын, бірақ Тель-Авив Тегеранға қарсы қандай да бір шара қолданатын болса, Иранның келесі операциясы бұдан ауқымды болатынын ескертті.