"Күмәнді ақпаратты бірнеше рет тексеріңіз": Балаева үндеу жасады

Мәдениет және ақпарат министрі отандастарымыз ауызбірлік пен жанашырлық танытып, жұдырықтай жұмылып жатқанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Су тасқыны туралы жалған ақпараттың мақсаты – дүрбелең тудырып, қазақстандықтарды жікке бөліп, адастыру, деп жазды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
"Қазір еліміздегі су тасқынымен күрес қарқынды жүріп жатыр және оның қаупі әлі бәсеңдеген жоқ. Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылды. Су басқан өңірлердің тұрғындары, олармен бірге жиырма мыңнан астам волонтер мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істеп жатыр", - деп жазды Балаева.
Өз кәсібіне адал төтенше жағдай қызметкерлері, әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеуде.
Қазір әрбір адам, әрбір техника мен еңбек күші өте маңызды, деді министр.
"Көп ресурсты қажет ететін осы бір қиын сәтте біз ақпарат таратуда дәл осындай жүйелі түрде қимылдап, үлкен жауапкершілік танытуымыз қажет", - деп атапөтті Балаева.
Ол өкінішке қарай, апаттар мен су тасқыны туралы жалған хабарларға байланысты құтқару бригадаларының жұмыс күші қажет емес жерлерге бағытталған жағдайлар да болды. Салдарынан ең қажетті уақыт текке кетті, ресурстар пайдасыз шығын болғанын айтып, ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат болып шыққан 29 факті анықталғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, көп тараған жалған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады.
"Мәселен, Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады. Оны кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды", - деп мысал келтірді министр.
Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды.
Ол осы фактілер бойынша төтенше жағдай қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын айтты.
"Бұл кезде басқа жерлердегі көмекке шын мұқтаж жандар күтіп отыратынын, олардың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпайық", - деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр, дейді Балаева.
Балаева тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіретінін айтты.
"Соңғы күндері су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет басшысы тарапынан уәде етіледі деген миллиондаған доллар төлемдері, премьер-министр мен үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды", - деді ақпарат министрі.
Балаева мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырып, алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастағанын мәлімдеді.
"Олар қазақстандықтардың жеке деректері мен қаржы ресурстарын анықтау үшін интернетте "Төлемдерді білу үшін ЖСН-ді тексеріңіз", "3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу", "Мемлекеттен мүмкіндігінше тезірек жәрдемақы алу" деген сияқты хабарламалар жариялайды", - деп жазды министр.
Балаеваның айтуынша, жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланады. Ол мұндай көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел жоққа шығарылып, барлық факті бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілгенін мәлімдеді.
Барлық анықталған заңсыз фактіге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, дейді министр.
"Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактіні бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпаңыз", - деп ескертті Балаева.