АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Биыл көктемгі су тасқыны елдің басым бөлігін әбігерге салды. Жер үйлер мен қора-қопсы топан судың астында қалды. Соңғы деректерге сүйенсек, құтқарушылар 100 мыңға жуық адамды, оның ішінде 36 мың баланы қауіпсіз жерге көшірген. Күрделі кезеңде барша қазақ елі жұдырықтай жұмылып, зардап шеккендерге қол ұшын созып жатыр.
Президент те су тасқынын "бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат" деп атап, жауапты сәтте бизнесмендерді халыққа қол ұшын созуға шақырды. Тоқаевтың үндеуі назардан тыс қалмады. Sputnik Қазақстан еліміздің ауқаттылары зардап шеккендерге қанша ақша бөлгенін зерделеп шықты.
ТОП-10
Қаржылай көмек ұсынғандардың көшін "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы бастап тұр. Қор қызыл судан зардап шеккен өңірлерге 15 млрд теңге материалдық көмек көрсетеді.
Қаражат "Samruk-Kazyna Trust" қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы арқылы бағытталады.
Екінші орында – "Қазақстан халқына" қоры.
Бұған дейін қор 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлетінін жариялаған еді. Су тасқынының ауқымы мен салдарын ескеріп, олар қосымша 5 млрд теңге бөлуді жөн көрген. Осылайша қор зардап шеккендерге барлығы 10 млрд теңге аударады.
Сондай-ақ 1 мен 30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан қайырымдылық ретінде Қордың шотына түскен барлық ақша зардап шеккендерге үй салуға жұмсалады.
Үштікті зардап шеккен өңірлерге 3 млрд теңге бағыттаған ұлттық атом компаниясы тұйықтап отыр. "Қазатомөнеркәсіп" АҚ қаржыны Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы аударады.
Бұдан бөлек компания апат салдарын жоюға 120-ға жуық арнайы техника жіберген. Ал компания қызметкерлері қиын жағдайға тап болған тұрғындарға бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.
Елдегі ірі мұнай өндіру кәсіпорны – Теңізшевройл да бей-жай қалмады. Олар тасқын сумен күреске 2 млрд теңге бөлген. Бұдан бөлек ТШО мен оның бизнес серіктестері зардап шеккен аудандарға арнайы техника, автобустар, азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізді.
Chevron энергетикалық компаниясы да өзінің Chevron Munaigas Inc. еншілес компаниясы арқылы 3 млн доллар (шамамен 1,3 млрд теңге) бөлетінін жариялады.
Су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек
© Sputnik
Құлыбаевтардың отбасымен байланыстыратын Halyk Bank пен "Халық" қайырымдылық қоры тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға 1 млрд теңге аудару туралы шешім қабылдады.
Бизнесмен Тимур Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp. компаниясы да апат салдарын жоюға 1 млрд теңге бағыттайды. Қаражат "Демеу Қазақстан қорының" шотына аударылады.
Air Astana тобы да 1 млрд теңге мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Air Astana және FlyArystan ұшақтары су басқан аймақтарға гуманитарлық жүкті тегін тасымалдап жатыр.
Қазақстанның тау-кен саласындағы компаниялары - KAZ Minerals Тобы мен "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және табиғи апаттың салдарын жою үшін 800 миллион теңге бөлді. Ақша бүлінген үйлерді жөндеуге, тауар сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталмақ.
Ең көп қаржылай көмек ұсынғандардың ондығын әзірше Болат Өтемұратовтың қоры түйіндеп тұр. Танымал кәсіпкер су басқан ауыл-аудандардың тұрғындарына 680 млн теңге жіберген.
Жарты миллиард аударғандар
Игі істен құрылыс компаниялары да шет қалмады. Мәселен BI Group холдингі су тасқынынан зардап шеккен тоғыз өңірге 500 млн теңге бөлетінін жариялады. Бұған қоса компания тасқынның алғашқы күндерінен бастап құрылыс және арнайы техниканы, қажетті адами және материалдық ресурстарды ұсынып жатыр.
"Qazaq Stroy" компаниялар тобы да қызыл судың астында қалған өңірлерге 500 млн теңге аударатын болды.
Нұрлан Смағұловтың "Астана Моторс" автокомпаниясы да өңір тұрғындарына көмек ретінде жарты миллион теңге бағыттады. Қаражат "Демеу Қазақстан қоры" корпоративтік қорының шотына аударылды.
Сондай-ақ Қостанайдағы Allur, Сарандағы QazTehna және теміртаулық Qarmet те 500 млн теңге жіберді.
Ал Eurasian Resources Group (ERG) зардап шеккендерге 400 млн теңге бөлді.
Жанар-жағармай жеткізумен айналысатын "Гелиос" компаниясы да су тасқынынан зардап шеккендерге 222 млн теңге аударды.
Банктер де көмек қолын созды
Осындай жауапты сәтте еліміздегі екінші деңгейлі банктер де ақшалай қолдау көрсетіп жатыр.
Мәселен, Kaspi Bank – 620 млн теңге, Jusan Bank – 300 млн теңге, Еуразиялық банк – 450 млн теңге, Банк ЦентрКредит – 200 млн теңге, Bank RBK 150 млн теңге жіберді.
Бұған қоса банктер су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға кредит төлеу мерзімін 1 сәуірден 30 маусымға дейін – үш айға кейінге шегеруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл аралықта төлемді уақытылы төлемегені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.
Зардап шеккендерге ақшалай көмек көрсеткендер арасында танымал әнші Димаш Құдайберген де бар. Өнер жұлдызы "Демеу Қазақстан" қорына 15 млн теңге аударған. Сондай-ақ басқа да танымал адамдар мен қарапайым азаматтар қиын сәтте қол ұшын созып жатыр.
Бұған дейін бауырлас Қырғыз елі қызыл судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жолдаған болатын.