АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда, ол баяу қарқынмен төмендеді. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ, мейлінше, жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр.
"Инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байлынысты", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасты. Ауытқу құбылысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының мейлінше тез өсу әсерінен болып отыр. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен астықтың әлемдік бағасының төмендеуі – инфляцияның төмендеуіне септігін тигізіп отыр.
"Айлық инфляция алдыңғы айдағы күрт өсуден (1,1%) кейін наурызда 0,7%-ға дейін баяулады. Бірақ орташа тарихи мәндерінен жоғары (0,6%) қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері ұқсас динамиканы көрсетіп отыр. Яғни ақпан айында күрт үдеуден кейін наурыз айында айтарлықтай төмендеді", - делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 31 мамырда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жариялайды.