Ел бойынша қанша үй су астында қалды: министрліктің соңғы ақпараты

Су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғаныс қызметтері 99 869 адамды қауіпсіз жерге көшірді
Sputnik
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Соңғы ақпарт бойынша Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй, 563 аула аумағы және 1 778 саяжай үйі су астында қалып отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 3 052 тұрғын үй мен 1 935 аула аумағынан су бұрылды.
Су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғаныс қызметтері 99 869 адамды, оның ішінде 36 591 баланы қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.

"Уақытша орналастыру пунктеріне 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналасты. 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды", - делінген министрліктің елдегі тасқын бойынша соңғы ақпаратында.

Еліміздің сегіз өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 34 төтенше жағдай әрекет етеді.
"Министрлдік азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз шықпауға шақырады", – деді азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.
"Нан таппай қалдық": су басқан Құлсарының тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді