"Әке, Ханторыны құтқаршы": үш жасар Бейбарысқа депутат ағылшын тұқымды тұлпар сыйлады

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының ұш жасар тұрғыны Бейбарыстың "Ханторы" есімді тұлпары суға кетіп, бүлдіршін әкесінен жылқысын құтқаруды сұраған. Жақында Бейбарысқа депутат бәйге атын сыйлады. Sputnik Қазақстан тілшісі Бейбарыстың атасы Жалғас Төлеуішовтен оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
Ауылды таңғы сағат төртте су басқан.
"29 наурызда таңғы сағат төрттен бастап бірден су келді. 5-6 жылқым бар еді. Соны жиенім екеуміз шығарып үлгереміз деп жанталастық. Жиенім Ханторыға мінді. Мен Құлагер атыма міндім. "Ойбай, су келді" дегеннен бастап айнала қудық, аттарды шығара алмадық. Тұрған жеріміз орманның арасында. Айнала қоршаған бөгет, оған келген су оңайлықпен шықпайды. Биіктігі 2,5 метрдей су келді, бірден толып қалды. Аттарды төбеге жетектейміз деп едік, бірақ суға кетіп қалды", - дейді Ханторының иесі Жалғас Төлеуішов.
Ханторы
Жарты сағатта үйді де су басып қалған.
"Екі жылқы да суға кетті, содан жүзіп үйдің қасына келді, аяғы жерге тірелмеген соң ары қарай ағып кетті. Жартымыз гараждың үстіне, жартымыз үйдің үстіне шығып жан сақтадық. Бұрын-соңды мұндай болған емес, біз жылдағыдай су деп ойладық. Биыл дамбы жасалып, қауіпсіздік шаралары болған соң алаңсыз едік", - дейді Жалғас Төлеуішов.
Қазір отбасы Ойылдағы судан аман баласының үйінде тұрып жатыр.
Ал Ханторы жалпы алты рет бәйгеде жүлделі келген тұлпар. Соңғы рет 22 наурызда бәйгеге шауып, 130 мың теңгені қанжығалаған. Ал әкесінен тұлпарын құтқаруды шырылдап сұраған Бейбарыс үш жаста ғана.
Ханторы
"Ханторы салқын суда тоңды ма екен, шаршады ма екен, батып кетті. Немеремнің тұлпары еді. Әкесі ат суға кетіп барады деп видеосын жібергенде, "Папа, Ханторыны құтқаршы" деп немеремнің айтқаны еді. Жалпы малымның қаншасы суға кетті, орманды жерде қай малым қайда жүргенін білмеймін. Жасым болса алпысқа келді, жаяу аралауға мұршам жоқ. Ханторы тай күнінен бәйгеге қосылған еді, биыл бес жасқа келген. Аламанға шабатын тұлпар еді", - дейді Бейбарыстың атасы.
Жақында бүлдіршінге парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев ағылшын тұқымды тұлпар сыйлады.
"Бейбарыс балақайдың жанайқайын әлеуметтік желіден естіп, жанымды қоярға жер таппадым. Немересін айтып жылап тұрған атаның жағдайы меніңше, ешбір қазақты бей-жай қалдырмайды. Ат мінгізіп, атымды шығарайын деген ойым жоқ, бар қазақ сондай жақсылық жасар еді. Белі қатпаған балаға осындай қиыншылықтарда демеу болсын, болашақта еліміздің бетке ұстар азаматы болсын, тұлпар мінген батыр болсын деп сыйлық жасағаным бар. Тұлпарды қазір апарып берейін десем, Бейбарыстың үйі, баспанасы суға кетіп қалды. Үй берілісімен Қызыл парспорты бар ағылшын тұқымды бәйге атын қазығына апарып байлап беремін", - Қазыбек Әлішев.