Су басқан аймақтардан 7 мыңнан астам адам жолаушылар пойызымен шығарылды

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Су басқан аймақтардан 7 мыңнан астам адам жолаушылар пойызымен шығарылды, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
"Су басқан аймақтардан жолаушылар пойыздарымен барлығы Қарағанды облысы бойынша 250–ге жуық адам, Атырау облысы бойынша 6,8 мыңнан астам адам шығарылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Балқаш қаласының тұрғындарын тасымалдау үшін "Балқаш-Қарағанды" қатынасындағы №606/605 пойызға бір реттік пойыздар мен қосымша вагондар енгізілді.
Атырау облысының тұрғындарын тасымалдау үшін "Атырау-Құлсары-Мақат" және "Атырау-Құлсары-Маңғыстау" бағыттары бойынша бір реттік пойыздар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 20 рейс жасалды.
Сондай-ақ ұлттық тасымалдаушы су тасқынына қарсы шараларға қатысатын әскери қызметшілерді, құтқарушыларды тасымалдауға жедел көмек көрсетуде.
Су тасқыны басталғаннан бері 96 472 адам құтқарылды