АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оның қызметіне басшылық еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Қазақстан азаматы экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
"2016-2018 жылдары аралығында күдікті Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан, сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған қылмыстық топты тікелей басқарған", - деп жазылған хабарламада.
Осы қызметтің салдарынан мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін ол тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды.Кейін күдікті Әзербайжан аумағында ұсталды.
Оны Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің көмегімен елге жеткізді. Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторында отыр.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының соты осы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар 12адамды түрлі жазаға соттады.