АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сотта 33 жастағы күдікті жүргізушіні қасақана соққыға жықпағанын, оның дөрекі сөздерінен кейін өзін ұстай алмағанын айтты, деп хабарлады КТК.
Сотталушының қорғаушысы рөлде отырған Ермек Шөкебаеваның сол сәтте шын мәнінде есінен танбауы мүмкін деген болжам келтірді.
Сотталушының қорғаушысы рөлде отырған Ермек Шөкебаеваның сол сәтте шын мәнінде есінен танбауы мүмкін деген болжам келтірді.
Жәбірленуші тарап кінәлілерден 20 млн теңге моралдық шығынды талап етті. Бұған дейінгі қойылған сұрақтарға тек "иә", "жоқ" деп жауап беріп отырған айыпталушы бұл жолы ерекше белсенді. Ойын ашық айтып, қорғаушысы екеуі біраз мәлімдеме жасады.
Сол күні Ермек Шөкебаеваның өзі "жігіттің намысына тиетін сөздер айтты" дейді. Сөзіне сенсек, "жолақысын дұрыс төлемедің" деп, ер адамның телефонын да жұлып алған көрінеді.
"Сіз дұрыс емес жіберіп жатырсыз, маған беріңіз, өзім қайтадан жіберейін дедім, бұл кісі "маған үйретпе, мен сенен жақсы білем, сен сияқты малдарды точно білемін, есімде" деді. "Қойсаңызшы" деп едім, "қоймасам, не істейсің, қолыңнан бірдеме келе ме, шамаң жетпейді ғой, өзің таяқ жеп қаласың" деді, сол кезде мен шыдамай ұрып жібердім", - деді айыпталушы Дархан Ахметжанов.
Соққыдан кейін әйел өтірік есінен тануы мүмкін. Қорғаушы Әлім Мұстапаев сотта осындай болжам жасады. Бір қызығы, оның бұл жауабын автобус жүргізушісі ләм-мим десместен тыңдап тұрды.
"Алайда жәбірленуші Шөкебаеваның бұл әрекеттері "симуляция", яғни өтірік істеу деп санауға болады. Өйткені әдетте есінен танғанда денесінің барлық бұлшық еті әлсіреп, құлап қалады. Сондықтан жәбірленуші Шөкебаеваның әрекетін "симуляция", яғни жауапкершіліктен жалтару мақсатында өтірік істеген деп санаймыз", - деді айыпталушының қорғаушысы Әлім Мұстапаев.
Еске салсақ, жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмған. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жүргізуші әйел де солардың қатарында.
Отырыста екеуінің арасындағы жанжалға жолақысы себеп болғаны да айтылды.
"Менің қызым әкесінің басына барып, қабірін қолмен тырмалайды, әкем аш шығар дейді. Бар болғаны 100 теңге жолақыны не үшін төлемей қойдыңыз, жауап беріңіз", - деп ашынды жәбірленуші Айнұр Құсайынова.
Ал бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжаһан Ырсымбаеваның үлкен ұлы сотта үндемеді. Бірақ қорғаушысы жәбірленушілердің атынан моралдық шығынды талап етті.
"Анасы мен әкесінің әрқайсысына 20 миллионнан 40 млн теңгеге бағалап отыр. Жауапкерлер Ахметжанов Дархан Маратұлы мен заңды тұлға "Думан транс" ЖШС келтірілген моралдық зиян 20 млн теңге көлемінде қаражатты талапкер Құсайынова Айнұр пайдасына өндіруді сұраймын", - деді жәбірленушілердің қорғаушысы Айдынғали Табылдиев.
Айта кетері, бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.