АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Республикалық маңызы бар 14 автомобиль жолында су тасқынына байланысты қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" АҚ баспасөз қызметі.
"6 облыстағы (Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, СҚО) республикалық маңызы бар 14 автомобиль жолында (ұзындығы 626 км) қозғалысқа шектеу қойылды", - делінген хабарламада.
10 сәуір сағат 09:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 4 облыста (Ақмола, СҚО, Атырау, Қостанай) 8 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3655 метр жолды су басқан.
Қазіргі таңда республикалық жолдарда 365 бірлік техника мен 701 адам жұмылдырылған.