Селден зардап шеккен аймақтарға 1 713 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды

Зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында "Күшіміз бірлікте" акциясы қолға алынды
Sputnik
АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Волонтерлер су тасқынынан зардап шеккендерге 1 713 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Волонтерлер Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарында эвакуация пункттерінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жағада бөгеттерді күшейтіп, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде де белсенді жұмыс істеп жатыр.
"Зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында "Күшіміз бірлікте" акциясы жалғасуда. Жастар ресурстық орталықтарының қолдауымен гуманитарлық көмекті қабылдап алу үшін 20 волонтерлық фронт-кеңсе құрылды", - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда зардап шеккендерге волонтерлер көмегімен 1 713 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Өңірлерге 1 320,4 тоннасы жеткізілді. Бүгінде тасқынға қарсы күреске барлығы 29 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған.
Түркістан, Алматы облыстарына қарасты жастар ресурстық орталықтарының өкілдері Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында жүр.
Қазіргі уақытта "Biz Birgemiz" қорының қолдауымен Атырау облысында волонтерлемен бірге "Қазақстан студенттер Альянсы", "Жастар Рухы" ЖҚ, Қостанай облысында "Қазақстан жастар конгресі", Ақмола облыстарында "Ауыл" партиясының "Ауыл жастары" жастар қанаты жұмыс істеп жатыр.