Қоғам

"Тіпті болмаса, бес жұлдызды алып тастасын": сарапшылар Елтаңбаны өзгертуге қарсы шықты

Атырауда өткен ұлттық құрылтайда президент Елтаңбаны өзгерту туралы ұсынысты ортаға салды
Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Осыдан 32 жыл бұрын қабылданған егеменді Қазақстанның Елтаңбасы өзгеруі мүмкін. Өйткені оны кеңес заманындағы гербке ұқсататындар бар. Президент елтаңбаны өзгертуге қатысты орынды пайымдарды ескеріп, ортақ келісімге келуге шақырды. Осыған байланысты Sputnik Қазақстан сарапшылардың пікірін білуді жөн көрді.

"Өзгерту қажет болса, бес жұлдызды ғана алып тастасын"

Тарихшы, Ұлттық музейдің "Қазақстан тарихы" бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасеновтің пікірінше, елімізге 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Елтаңбамыз – тұнған тарих. Ешқандай өзгерісті қажет етпейді.
"Жандарбек ағамыздың жасаған әрбір белгісі бүкіл этнографиялық салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдет-ғұрпымызды білдіретін символикалық рәміздер екені бесенеден белгілі. Онда сақ кезеңінен бастап бүкіл ата-бабамыздың тарихы, этнографиясы, салт-дәстүрі – барлығы көрініс тапқан. Сондықтан, өз басым өзгертудің қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ қазір елтаңбада Кеңес одағының сарқыншақтары бар деген әңгіме айтылып жүр. Меніңше, бұл бес жұлдызға қатысты айтылған пікір", - дейді тарихшы.
Хасеновтің айтуынша, әу баста елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков сегіз қырлы жұлдыздың бейнесін ұсынған. Оның ішінде темірқазығы, бірнеше шоқжұлдызы бар. Бірақ оны марқұм Шот-Аман Уәлиханов бес жұлдызға өзгерткен.
"Сол кезде комиссия мүшелерінің арасында "бес жұлдыз – кеңес одағының сарқыншағы, оны алып тастау керек" деген пікірталас болған. Алайда Елбасының өзі араласып, бұл темірқазық – біздің жұлдызымыз, біз даму бағытымыз бар жас мемлекетпіз деп қалдырған екен", - деп бөлісті сарапшы.
Сырым Хасенов қазіргі елтаңбадан ешқандай мін көріп тұрған жоқпын дейді. Дегенмен, егер мемлекеттік рәмізге қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болса, бес жұлдызды ғана алып тастау керек деп есептейді.
"Тіпті болмай жатса, бес жұлдызды алып тастасын. Ал қалғаны тұра бергені дұрыс", - дейді тарихшы.
Ол елтаңба тым күрделі, оны тану қиын деген пікірмен келіспейді.
"Көшедегі жастар біздің сақ кезеңінен бергі тарихымызды оқыса, бес саусақтай біліп тұрса, ата-салтымыздан, әдет-ғұрпымыздан, этнографиямыздан хабары болса, елтаңбаны баяғыда-ақ жаттап алатын еді. Демек, олар тарихты оқымаған, елтаңбаны зерттеп-зерделемеген. Ештеңе білмегеннен кейін, жастар сондай пікір білдіреді", - дейді аға ғылыми қызметкер.
Оның үстіне, Хасеновтің ойынша, елтаңбаны өзгерту бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Мемлекет қазынасынан миллиардтаған ақша жұмсалады.
"Мынадай қиын жағдайда, елтаңбаны өзгертудің қажеті шамалы деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін маман.

"Қазақстанның гербі – өте тамаша"

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев та елтаңбаны өзгертуге қарсы.
"Қазақстанның гербі – өте тамаша, қазақи, қайталанбас өрнекпен жасалған. Ал "Жаңа адамдар" деген топ өздерінің жасанды абыройы үшін сауалнама өткізіп, біздің елтаңбаны жастар білмейді деп жалған ақпарат таратып жүр. Бұған сенімім мол. Меніңше, бұл гербтің авторы атанғысы келген немесе алдыңғы авторларға қысастық жасағысы келген адамдардың жұмысы. Әйтпесе басқа себеп көріп тұрған жоқпын. Олар эклектикаға тура келмейді, аутентичность, оригинальность жоқ деп мысал келтіріпті. Эклектика дегені – қазақ тарихынан келіп шығуы. Гербіміз – Қазақстанның тарихынан сыр шертеді. Шаңырақ, тұлпардың бейнесі – нағыз қазақы өрнектер. Ал аутентичность – қайталанбас дегені. Дүние жүзінде мұндай гербті көрген жоқпыз. Біздің гербті шетелдіктер көрсе танымайды-мыс, шаңырақты крест деп ойлап қалады-мыс. Бірақ біз оның астына "Қазақстан" деп жазып қойдық. Оқыған адам мұның Қазақстанның елтаңбасы екенін біледі. Жастар "болашақта біздің қандай жолмен жүретінімізді көрсетпейді" депті. Елтаңба бұл стратегиялық жоспар емес. Осындай болмағыр жасанды пікірлермен гербті ауыстырмақшы", - деп қарсы шықты сарапшы.
Оның айтуынша, елтаңбаның жоғарғы бөлігіндегі бес жұлдызды кеңес одағының сарқыншағы деу – ақымақшылық. Себебі ол дүниежүзіндегі бес материктің және көктегі жұлдыздың белгісі.
"Сондықтан гербті өзгертудің еш қажеті жоқ. Халық елтаңбамызға үйренген. Қазақстанның елтаңбасын балабақшадағы балалар да біледі. Халықтың наразы екенін билік те түсінсе керек. Әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жұрт қарсылығын білдіріп жатыр", - дейді Жобаев.

Депутаттар қарсы емес

Ал мәжіліс депутаттары елтаңбаны өзгерту туралы ұсынысты қолдап отыр. Себебі олар қолданыстағы герб жақсы жасалғанымен, онда Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тереңде жатқаны ескерілмеген деп санайды.
"Ол арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих. Биыл Қазақ даласында ту көтерген Жошы ұлысы – Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі", - дейді мәжілісмен Абзал Құспан.
Оның әріптесі Еркін Әбіл "мемлекеттік гербте тарихи сабақтастық, ал Қазақстан ұлттық тәуелсіз мемлекет ретінде көрсетілмеген" деп мәлімдеді.
"Қазіргі Елтаңба – бұрынғы Қазақ КСР-ның өзгертілген гербі, масақтың орнына тұлпардың қанаттарын қойған, ал орақ пен балғаны шаңырақпен алмастырды. "ҚазКСР" деген жазу да өзгерді. Қалғаны сол күйінде қалды", - дейді депутат.

Елтаңба туралы не білеміз

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Герб термині немістің "erbe" (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.
Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Мемлекеттік елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "QAZAQSTAN" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу – алтын түстес.
Тәуелсіздік жылдарында Елтаңбаның түсі, реңкі, формасы мен жазуы өзгеріске ұшырады. Жалпы, елтаңбаның бес стандарты жасалған. Соңғы рет "Қазақстан" деген сөз латын қарпімен жазылды.
Жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға байқау жарияланады – президент