АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық бас мешітте айт намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты, деп хабарлады мүфтияттың баспасөз қызметі.
Республикалық бас мешіттегі айт намазы
"Исламда әрбір құлшылықтың мақсаты – мұсылман баласын Аллаға жақын ету. Сол секілді Рамазан айында ұстайтын ораза да адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Нәпсімен ғана күресетін айлардың сұлтанында көп құлшылық, адамдарға жақсылық жасауға тырысамыз", - деді ҚМДБ төрағасы мұсылман қауымын айт мерекесімен құттықтай келе.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы
Оның айтуынша, Рамазан айының негізгі мақсаты орындалуы үшін өмір сүру салтымыз, күнделікті дағдымыз бұл айдан кейін де өзгермеуі керек.
"Нағыз Рамазан ораза біткеннен кейін басталады" деп бекер айтылмаған. Әртүрлі күнәдан, жаман әдеттерден аулақ болуға тиіспіз. Сондай-ақ оразамыздың қабыл болуын ұдайы тілеп, келесі Рамазанға аман жетуді Жаратқаннан сұрағанымыз абзал", - деп толықтырды бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы шама келгенше аптасына бір-екі күн, Арапа, Ашура күндері ораза ұстауға шақырды.