Премьер-министр: Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу - басты міндет

Ауқымды су көлемі Ресей Федерациясы аумағында айтарлықтай шығын келтіріп, Орал мен Атырауға қарай жылжып келеді
Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір - Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан жұмыстың барысын және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шараларын тексерді.
Өңірде су тасқынына қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр.
"Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Құлсары қалаларындағы жағдай тұрақталып келеді. Петропавлда су тасқынының шарықтау шегі басталады, мұнда негізінен бау-бақша серіктестіктері су басу аймағында қалмақ. Жайық өзенінде күрделі жағдай сейілмеді. Ауқымды су көлемі Ресей Федерациясы аумағында айтарлықтай шығын келтіріп, Орал мен Атырауға қарай жылжып келеді", - деді Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7,2 метрді құрап, күн сайын артып келеді. Қауіп белгісі- 8,5 метр. Судың қауіпті деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін қорғаныс бөгеттері салынды.
"Қазір басты міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу. Ол үшін әкімдіктердің, ТЖМ, қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның, арнайы техникалық күштері жұмылдырылды. Еріктілер көп көмек көрсетуде. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдеріне қажет болған жағдайда су басу аймағындағы үйлерін тастап шығудан бас тартқан тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялау тапсырылды. Бұл ретте барлық бос үйлер полицияның тәулік бойы бақылауында болады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар үкімет басшысы тұрғындардың сауалдары негізінде әкімдіктерге су тасқынынан келген залалды өтеу алгоритмін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
"Су тасқынының басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Кейбір тұрғындар өтініш беру мерзіміне қатысты алаңдап отыр. Уақыт шектеулеріне қарамастан тұрғындардың өтініштерін қабылдау қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бюрократиялық әрекеттерге жол берілмеуге тиіс", — деп атап өтті Олжас Бектенов.