Нүкенованың көмекшісі марқұм жайлы: өте ақжарқын, нәзік қыз болатын

Сондай-ақ марқұмның көмекшісі Нүкенова былапыт сөздер айтпағанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Салтанат Нүкенованың көмекшісі болып жұмыс істеген Анар Тасова сотта куәгер ретінде сұрақтарға жауап берді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты куәгерден Салтанаттың қандай адам болғанын сұрады.
"Салтанат өте ақжарқын, нәзік, ақкөңіл қыз болатын. Онымен әңгімелескен кезде уақыттың қалай өткені байқалмайтын. Сіздер Салтаның әлеуметтік желідегі суреттерін көрген шығарсыздар, міне ол өмірде де сондай еді. Айналасына нұр шашып тұратын. Ер адамдармен төбелескенін ешқашан естіген емеспін. Керісінше Салтанат мені нәзік болуға үйрететін. Менің әпкем сияқты еді. Одан үлгі алатынмын. Салтанат біреумен ұрсысып, төбелескен емес", - деп сипаттап берді Тасова.
"Сотталушы бізді қайта-қайта Салтанат ішімдікке жақын болған деп сендіргісі келеді. Сіз онымен араластыңыз ғой, Салтанат ішімдік ішетін бе?", - деп сұрады жәбірленуші тараптың қорғаушысы.
"Менімен кездескен кезде Салтанат ішкен емес", - деп жауап берді куәгер.
Сондай-ақ марқұмның көмекшісі Нүкенова былапыт сөздер айтпағанын атап өтті.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатыр. Сот алқабилердің қатысуымен өтуде.
"Құбыжықсың дедім": Сотта Нүкенованың досына жазған хаты жарияланды