АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді су тасқынынан қорғайтын бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексерді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы Тепличное және Кожевенная ауылдарындағы қорғаныш үйінділерінің жағдайын қарап, 2017 жылғы су тасқынынан кейін жүргізілген жұмыстардың есебін тыңдады.
Бектенов су тасқынынан қорғайтын бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексерді
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің жоғарылауын ескере отырып, қолданыстағы бөгеттерді нығайту және олардың ұзындығы мен биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Жалпы, қарғын суды өткізу үшін автожолдарда жол төсемін аршу жұмыстары 6 рет жүргізілді. Баламалы бағыт қарастырылып, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған", - деп жазылған хабарламада.
Су тасқыны кезеңі басталғалы бері елді мекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 440 мың м3 су сорылды. 165 шақырымнан астам арық тазартылды, 2.7 шақырым каналдар кеңейтіліп, тереңдетілді.
Үкімет басшысы тартылған қосымша күштер мен техниканы ескере отырып, бөгеттерді нығайту жұмыстарының қарқынын жеделдету, оның ішінде биіктігін арттыру қажеттігін атап өтті.
"Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Ауыр зардаптардың алдын алу үшін алдағы 2-3 күнде көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, ПД, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері, 1200 ерікті қатысуда.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бүгін Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келді. Осылайша барлығы 3000-ға жуық адам жұмылдырылды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да осында. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.