АЛМАТЫ, 8 сәуір - Sputnik. Жедел деректер бойынша республиканың жеті өңірінде тасқын салдарынан 5 711 бас мал қырылды, деп хабарлайды ауылшаруашылығы министрлігі.
Оның ішінде әрә қара мал – 1 137, ұсақ мал – 4 051, жылқы – 457 және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары. Бүгінгі күні 1013 бас малдың өлексесі өртелді.
Министрліктің хабарлауынша, 60,0 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оның ішінде: Ақмола облысы – 18,8 мың бас, Қостанай облысы – 12,9 мың бас, Ақтөбе және Атырау облыстарында – 10 мың бастан көп, БҚО – 4,5 мың бас, Қарағанды облысы – 1,5 мың бас.
"Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы отряды облыс әкімдіктерімен бірлесіп шығын болған жануарлар өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізуде. Жалпы іс-шараларды жүргізу үшін тиісті 90 бірлік техника, қызметкерлер штаты және жою шаралары үшін қажетті дезинфекциялық заттар бар", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеуге қатысты тиісті алгоритм әзірленді.