АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Су тасқыны болған өңірлердің тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева айтты.
Өңірлердегі барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді. 3 мыңға жуық медицина қызметкері және осы аудандардағы барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж кез келген адамға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.
"Су тасқыны кезеңінде психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылды. Осы мақсатта жедел штаб құрылды. Мамандардың көмегіне мұқтаж барлық адамдармен жұмыс істейтін 30 психолог жұмыс істеп жатыр. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. Мәселен, өткен тәулікте Атырау облысында Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 8 жаңа босанған әйел мен 5 жүкті келіншек толық мерзімде медициналық ұйымдарға эвакуацияланды", - деді спикер.
Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, әр баланың денсаулығын бақылайды.
"Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да тұрақты бақылауда. Сумен жабдықтау нысандарына, мал қорымдарына, кәріздерге және зираттарға мониторинг күшейтілді. Санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын зерттеу жүргізіледі. 4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", - деді ведомство өкілі.