Су басқан өңірлерге мемлекеттік резервтен 1,5 млрд теңгеге көмек көрсетілді

Мемлекеттік материалдық резервтен 51 арнайы техника тартылып, тұрғындар төсек-орын жабдықтарымен қамтылды
Sputnik
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Мемлекеттік материалдық резервтен су басқан өңірлердегі 15 мыңнан астам адамға 1 млрд 474 млн теңгеге көмек көрсетілді. Бұл туралы мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша,Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына мемлекеттік материалдық резервтен 51 арнайы техника тартылып, тұрғындар төсек-орын жабдықтарымен қамтылды.
"Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін осы өңірлердің әкімдіктерімен мемлекеттік материалдық резервтен қажетті тауарларды шығару мәселесі қаралуда. Мемлекеттік материалдық резервтен берілетін техника мен тауарлар осы төтенше жағдайды жою үшін жаңа, заманауи және қажетті тауарлармен жабдықталған. Тауарлар "Резерв" мемлекеттік кәсіпорнының қоймаларында еліміздің 10 өңірінде орналыстырылған", - деді спикер.
Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті мен "Резерв" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктердің өтінімдерін қарастырып, сұратылған тауарлар жөнелтілді.
Мемлекеттік материалдық резервтер номенклатурасына сәйкес резервтің қоймаларында тамақ өнімдері, төтенше жағдайларды жоюға арналған тауарлар – арнайы және автомобиль техникасы, шатырлар, төсек-орын жабдықтары және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті басқа да тауарлар сақталады.