Бектенов Атырау облысындағы жағдайды тексерді

Құлсарыдан 28 мыңнан астам эвакуацияланды
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 сәуір - Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Құлсарыдағы су тасқыны жағдайын тексеріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бектенов Атырау облысындағы қазіргі жағдайды тексерді. Ол аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады.
Сондай-ақ Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысты.
"Жылыой және Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі сақталып отыр. Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді", - дейді ведомство.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан. 28 551 адам эвакуацияланды. Өңірде келетін су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ Жем өзенінің бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылды.
Бұл өзен арнасының бағытын өзгертіп, суды кедергісіз ағызады. Оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі күні тұрғындар мен волонтерлер тұрғын үй секторын су баспау үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.