АЛМАТЫ, 6 сәуір - Sputnik. Олжас Бектенов пен вице-премьерлер су тасқыны жағдайы ауыр өңірлерде жұмыс істеп жатыр, деп жазды үкіметтің баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су тасқыны жағдайын тұрақтандыру үшін премьер-министр мен вице-премьерлер су тасқынына байланысты аса күрделі ахуал қалыптасып отырған өңірлерде жұмыс істеп жатыр.
"Премьер-министр, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов қазір – Қостанай облысында. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысына аттанды", - делінген хабарламада.
Ал премьер-министрдің орынбасарлары Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына, Нұрлан Байбазаров Батыс Қазақстан облысына жіберілді.
Сәуірдің 5-нен 6-на қараған түні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына ұшып барды.
Бұған дейін Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының су тасқынына дайындығын тексерген болатын.