Қостанай облысындағы су қоймалары толып кетті

Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ке, Қаратомар 97%-ке, Жоғарғы Тобыл 93%-ке толған
Sputnik
АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ке, Қаратомар 97%-ке, Жоғарғы Тобыл 93%-ке толған. Ал Сергеев және Амангелді су қоймалары транзиттік режимде өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатыр.

"Бұл ретте судың келуі оны өткізу көлемінен асып түседі. Жақын арада еріген қар суының және жоғарғы жақтан келетін судың есебінен су деңгейі тағы да ұлғаяды деп болжануда. Қостанай және Тобыл қалаларына іргелес аумақтарды су басуы мүмкін", - деп жазды ведомство.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен премьер-министр, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Қостанай облысында жүр.
Қостанай облысындағы су қоймалары толып кетті
Үкімет басшысы су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б. Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.
"Өңірде еріген қар суын өткізу мақсатында Қостанай қаласындағы кіші көпір ауданында жұмыс істемейтін жол төсемі ашылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар дайындалуда, топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарасу және Тобыл өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді", - дейді премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде. 2000-ға жуық адам, 650-ден астам техника, мотопомпалар, сондай-ақ жүзу құралдары мен әуе кемелері жұмылдырылды.
Өңірде су тасқыны кезеңі басталғаннан бері барлығы 3257 адам құтқарылды және эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттеріне 632 адам орналастырылған, қалғандары өз еркімен туыстары мен жақындарының үйіне баруға шешім қабылдады. Қосымша эвакуациялау және уақытша орналастыру пункттері толық дайындық режимінде.