АЛМАТЫ, 5 сәуір - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге ежелгі Хиуа шаһарының тарихи орталығындағы "Ишан-қала" қалашығына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Ишан қала" ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш саналады. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, сондай-ақ алпысқа тарта тарихи және сәулет ескерткіші орналасқан.
Тоқаев Хиуа қаласының тарихи орындарын аралап көрді
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы "Ата дарбаза" қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.
Тоқаев Хиуа қаласының тарихи орындарын аралап көрді
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Одан әрі олар "Куня Арк" кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және "Таш хаули" кешенін аралап көрді.
Тоқаев Хиуа қаласының тарихи орындарын аралап көрді
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд (1247-1326) кесенесіне зиярат жасап, оның рухына Құран бағыштады. Палуан Махмұд кесенесі өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа да халықтардың мінәжат етіп баратын қасиетті мекені саналады.