АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өздерін ҰҚК қызметкеріміз деп таныстыратын телефон алаяқтарына алданып қалмауды ескертті.
Ведомство ақпаратынша, қазір өздерін ҰҚК қызметкері ретінде таныстыратын телефон алаяқтары көбейіп кеткен.
Қаскөйлердің негізгі мақсаты – заңсыз ақша табу. Сол себепті олар қаржылық операцияларды жүргізу үшін азаматтардан көмек сұрайды.
"ҰҚК қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау аясында азаматтарға кредит ресімдеуді, ақша аударуды және өзге де қаржы операцияларын жасауды ұсынуға өкілеттігі жоқ екенін хабарлаймыз", - деп мәлімдеді комитеттегілер.
ҰҚК күмәнді телефон қоңыраулары мен хабарламалар келіп түссе, полиция органдарына шағымдануға кеңес берді.