АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Қардың тез еруі салдарынан 3 облыста халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын су басып қалды, деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
"5 сәуір сағат 09:00-дегі жағдай бойынша ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Атырау, СҚО, Қостанай облыстарындағы халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 3280 метр 6 жол учаскесін су басты", - делінген хабарламада.
Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, СҚО, Маңғыстау облыстарында республикалық маңызы бар 8 автомобиль жолында (ұзындығы 398 км) қозғалысқа шектеу қойылды.
Қазіргі таңда республикалық жолдарда 285 бірлік техника мен 312 адам жұмыс істеп жатыр.