Өткен жылы Қазақстанға бір миллионнан астам турист келді

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 сәуір - Sputnik. Өткен жылы елге 1 084,8 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 156,8 мың адамға көп, деп хабарлайды туризм және спорт министрлігі.
Өсім 2022 жылмен салыстырғанда 17% жетті. 2022 жылы елімізге 928 мың шетелдік келген.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 647,5 мың адамға артып, 7 млн 54,5 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1 млн 767 мың адамға көп.
"Кейінгі жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер арасында Қазақстанға деген қызығушылықтың арта бастағаны байқалады. Мәселен, биыл елімізге 1 миллионнан астам шетелдік келген. Бұл еліміздің табиғи сұлулығы, мәдени бай мұрамыз бен қонақжайлығымыз көрсе көз тоятындай екеніне дәлел болып тұр. Біз жаңа қонақүйлер салуды, көлік желісін дамытуды және туристік маршруттарды кеңейтуді қоса алғанда, туризм инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Мақсатымыз – Қазақстандағы саяхатты келушілер үшін қолжетімді әрі жайлы ету. Елге келген әр адам бірегей мүмкіндіктерімізді пайдаланып, естен кетпес сәттерді бастан өткерсе екен дейміз", - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.