Кеше ескертілді: Ақтөбе облысында бөгет жарылды

Бұл су қоймасы Хромтау ауданы Табантал ауылдық округінде орналасқан
Sputnik
АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысында еріген қар суы Мағаджанов су қоймасының бөгетін бұзды, деп хабарлады "Диапазон" басылымы.
Бұл су қоймасы Хромтау ауданы Табантал ауылдық округінде орналасқан.
"Қызылту ауылынан 25 адам эвакуацияланды, оның ішінде 4 бала бар, Табантал қыстауынан 11 адам Бесқоспа ауылындағы мектепке орналастырылды", - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Бұған дейін Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет мұндай қауіп туралы ескертті.
"Хромтау облысының аумағында орналасқан Мағаджанов су қоймасының жарылып кету қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасына үлкен көлемде су келеді деп күтілуде. Сәйкесінше, Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты біз амалсыздан шлюзді ашуға мәжбүрміз.
Бұл судың жағасынан асып кетуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеміз. Кирпичный көпірі ауданындағы Елек өзені мен Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуациялауға және үйлерін тастап кетуге келісім берулерін сұраймыз", - деді Азамат Бекет.
Қазір премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысында жүр. Бірқатар су қоймасының жай-күйін әуеден тексеріп, су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралап көрді, ахуалды орталықтың жұмысымен танысты, сондай-ақ республикалық штаб отырысын өткізді.
Қорытынды бойынша үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны салдарын жойғаннан кейін коммуналдық және жеке меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды. Ақтөбе облысында барлығы 206 гидротехникалық құрылыс бар.
Бектенов Ақтөбе облысындағы гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруді тапсырды