Қостанай облысында Тобыл және Қаратомар су қоймалары ернеуінен асты

Sputnik
АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша облыстық штабтың отырысын өткізді.
Кеңес барысында Құмар Ақсақалов әкімдер мен күш құрылымдарына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
"Қазіргі уақытта су Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларының ернеуінен асты. Бірер күннен кейін Қаратомар су қоймасы тасуы ықтимал. Секундына 250 текше метрден астам су жүрген жағдайда төмен жатқан елді мекендерді су басу қаупі басым. Атап айтқанда, Рудный қаласына қарасты Перцев ауылы, Б. Майлин ауданының Юбилейный кенті, Қостанай қаласындағы бақша қоғамдары және Қостанай ауданының Тобыл өзеніне жақын аумақтардың шеткі көшелеріне қауіп төнуде", - деді әкім.
Осыған байланысты тұрғындарды мүлкімен, төрт түлігімен эвакуациялау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
"Барлық аудан және қала әкімдеріне бұған басымен жауап беретінін еске саламын!Оңтүстік өңірлердегідей емес, біздің бүгінгі жағдайға толықтай даярланатын мерзіміміз болды, әлі де 1-2 күн уақытымыз бар. Біреу мүлкін жоғалтса, үйін немесе коммерциялық нысанын су басса, жауаптыларға қатаң шара қолданылатын болады," - деп атап өтті облыс әкімі.