АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаттары елде су тасқыны бойынша қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, олар күні кеше халықтың жай-күйімен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайтқан. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен танысқан. Алдағы уақытта осы өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстамақ.
"Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. "Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз", – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз", - дейді депутат премьерге жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ.
Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы.
"Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз", - деп есептейді мәжілісмен.
Ол былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге "AMANAT" партиясы құрылыс материалдарын апарып, баспана салдырғанын еске салды.
"Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті Прокуратура жобалық құжаттамасынан кінарат тауып тоқтатып тастаған", - дейді депутат.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал, деп ескертті мәжілісмен.
Айтуынша, алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ.
"Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек", - деді Толықбай.
Осы айтылғандарды ескере келіп, мәжіліс депутаттары үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:
Қазақстандағы барлық өзеннің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
биыл төтенше жағдай жарияланған елді мекендердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиесін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.