АЛМАТЫ, 3 сәуір – Sputnik. Алматы облысының Іле ауданындағы Сорбұлақ көлі бірнеше ауданға қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне табиғат жанашыры, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов айтып берді.
Алматы облысының Іле ауданындағы Сорбұлақ көлі
© Sputnik / Айдана Дайырова
Қоғам қайраткерінің Сорбұлақтың проблемасын айтып жүргеніне 35 жыл болған. Алматы облысының тұрғындары естіп көрмеген, қауіп төнеді деп тіпті ойламаған көлдің құпиясы неде? Жалпы бұл көл қашан, қалай пайда болды?
"Алматы әу баста шағын ғана қала болды. Қаланың қалдық суы Ілеге құятын еді. Қала өсе берді, қалдық су да көбейді. Сосын Қапшағай салынды. Қапшағай салынған соң қаланың қалдық суын құятын бір орын керек болды. Содан бір Жаманқұм деген ой болатын, қалдық суды соған құя бастады. Ол тола бастаған соң Сорбұлақ деген ойға құя бастады. Жаманқұмның бөгеті бұзылып, екі көпірді жұлып кетті, соның бірі – темір жол көпірі", - дейді Мэлс Елеусізов.
Бұл оқиға 1988 жылы 28-29 қаңтарда болды. Ағынды су Қапшағай су қоймасына құйылған. Салдарынан 13 адам қайтыс болды. Абырой болғанда темір жолда пойыз болмаған, әйтпесе адам шығыны көп болар еді, дейді эколог. Сол жылы "Казгипроводхоз" институты басшысының орынбасары болған Мэлс Елеусізов апатты өз көзімен көрген.
Алматы облысының Іле ауданындағы Сорбұлақ көлі
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Су тасыған екінші күні оқиға болған жерге өзім бардым. Сел жүрген жердің тереңдігі 60 метр жар болып қалған, ені 200 метр. 30 млн текше метрлік суы бар Жаманқұм тасығанда күші сондай сұмдық болды. Бізге бөгет салу, бұзылған жолды көтеру туралы тапсырма берді. Бөгетті салғанда кей жерін дұрыс жасамады. Мен бұл шешімге қарсы шықтым, әлі күнге айтып жүрмін, айтамын да. Сол үшін билікке де жақпадым. 1989 жылы партиядан да, жұмыстан да шығарды. Міне 35 жыл болды, Сорбұлақтың мәселесі сол күйі еш шешілмей келеді", - дейді қоғам қайртакері.
Оның айтуынша, Сорбұлаққа бөгет орнатып қажет емес.
"Бөгет деген ол су асып кетпеу үшін жасалады. Ал Сорбұлақ түбінен кетіп жатыр. Өйткені бұл көлдің астындағы топырақ нашар, кез келген уақытта жылжып кетеді. Суды сіңірген жер тез ағып кетеді. Жер сілкінсе мына су талай елді мекенді алады. Ал сел болса алапат апат болады. Сорбұлақтың ұзындығы 15 км, ені 8 км, тереңдігі 29 метр, бір млрд текше метр су сияды. Судың бәрі астымен жылжып жатыр. Қазір жылжыған су Күрті өзеніне жетті. Егер Сорбұлақтың астындағы топырақ бірден жылжып кетсе, көлдегі су Күрті су қоймасына құяды", - дейді табиғат жанашыры.
Күрті су қоймасының маңында ауыл орналасқан. Ол кезінде құрылысшыларға ғана мекен болған. Күрті ауылының аудан орталығы Ақши де таяқ тастам жерде тұр. Бөгет қираса, Ақши ауылын небәрі 6 минутта сел алып кетеді, дейді Мэлс Елеусізов.
"Ол Күрті өзенінің қоймасын алып кетеді. Онда 120 млн текше метр бар. Сорбұлақпен қосылса, ол Ілеге құйылады. Егер Іле тасыса, бүкіл Балқаш ауданы су астында қалады. Бір ауыл аман қалмайды", - дейді ол.
Мэлс Елеусізовтың айтуынша, Сорбұлақтың мәселесі уақыт күттірмейтін проблема. Дереу қолға алу керек.
"Мен оны Қасым-Жомарт Тоқаевқа да айттым, ол кісі зерттеңдер деп тапсырма берді. Бірақ әлі сол қалпы тұр. Сорбұлақты дереу тексеру керек. Ғалымдардың барлығын жинап, комиссия құрып, қай жерге су жетті, сапасы қандай, бәрін жіті тексеріп шығу керек. Сорбұлақтың астында қираған жер көп. 300 млн текше метр суы ағып кеткен Жаманқұм апаты қиын болды, ал 1 млрд текше метр су кетсе, адам айтқысыз алапат апат болады", - дейді Мэлс Елеусізов.
Экологтың айтуынша, апат болса ол табиғи емес, адам жасаған апат болады. Дереу Сорбұлақты суын кетіріп, жылжымалы топыраққа ағаш егу керек дейді эколог.