Оңтүстікте диқандар су тапшылығы туралы мәлімдеді

Өңір диқандары жақында егілген қырыққабаттың қазірдің өзінде қурап қалғанына алаңдаулы
Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Кейбір өңірлерде су тасқынымен күресіп, адамдар эвакуацияланып, малды басқа аумаққа айдап жатса, Қазақстанның оңтүстігінде егіс алқаптарын суаратын су жоқ.
Түркістан облысы Келес ауданында диқандар егінсіз қалудан қорқады, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Адамдар ондаған гектарға егілген қызылша мен қырыққабатты суара алмай отыр.
"Қараңыздаршы, бәрі кеуіп барады, біздің барлық еңбегіміз — қырыққабат пен қызылша қарайып кетті. Біз суару мәселесімен су шаруашылығына жүгіндік, бірақ олар көмектесе алмады. Енді барлық үміт егінге су беретін жаңбырда", - деді ол аграршы Нұрсейіт Рыспаев.
Өңір диқандары жақында егілген қырыққабаттың қазірдің өзінде қурап қалғанына алаңдаулы. Егер тез арада суарылмаса, егін өледі.
Дәл осындай жағдай қызылшаға қатысты. Адамдар маусым қазірдің өзінде миллиондаған шығынмен басталды дейді.
Дегенмен, шенеуніктер үміт үзбеуге шақырады. Ауданға суармалы судың бір бөлігі Өзбекстаннан тартылған арна арқылы келеді екен. Ол бүлініп, сондықтан біраз уақытқа су жіберу тоқтатылған екен.
Қазір екі елдің мамандары мәселені шешуге шұғыл кірісіп жатыр.
"СТК аренасында төтенше жағдай тіркелді, - деп түсіндірді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев. - Біз суару басқармасына хабарласып, қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олар екі-үш күнде аяқталады. Қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Су жақын арада келеді".