АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Каспий теңізінде мұнайдың төгілуі немесе ағуы анықталған жоқ, деп хабарлады Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы.
"2024 жылдың 30 наурызында 7:43 (GMT+5) немесе 2:43 (UTC) Қашаған кен орнының теңіз кешенінде мұнайдың, ағынды сулардың немесе басқа сұйықтықтардың болжамды ағуы туралы ақпарат расталмады", - деп жазылған компания мәлімдемесінде.
30 наурызда SENTINEL-1A және 2 сәуірде TerraSAR-X жерсеріктерінен түсірілген суреттерге сәйкес Солтүстік Каспий теңізінде, оның ішінде Қашаған кен орнының D аралының солтүстігіндегі шағын ауданда табиғи құбылыс байқалғаны айтылған.
Кейінгі күндері түсірілген басқа суреттерде мұндай құбылыстар болмаған, деп түсіндірді NCOC.
"Постта көрсетілген D аралының маңындағы аумақ тексерілді және ешқандай төгілу немесе ағу табылмады. NCOC-тың теңіздегі нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр", - деп хабарлады компаниядағылар.
Сондай-ақ, 2016 жылы өндіріс басталғаннан бері NCOC өндірістік нысандарында көмірсутегінің бірде-бір төгілуі тіркелмегенін еске салды.
Бұған дейін экологтар ауданы 7 шаршы километрді құрайтын мұнай төгілгенін хабарлады. Олар еуропалық Sentinel-1A спутнигінің ғарыштық бақылау деректеріне сілтеме жасады.