АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. "Bek Air" ұшағының апатқа ұшырауына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталды, деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы
"4 мыңнан астам тергеу әрекеті (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 мәжбүрлеп алып қою), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеу жүргізілді", - делінген хабарламада.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде прокуратура Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды және т.б. шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге іс үшін маңызы бар қажетті құқықтық-техникалық ақпаратты алды.
Қазіргі уақытта процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр.
Алматы түбіндегі ұшақ апаты
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы маңында "Bek Air" әуе компаниясының "Fokker-100" ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған.
Апат салдарынан 13 адам, соның ішінде экипаж командирі, бірнеше күннен кейін екінші ұшқыш қаза тапты.
Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы әуежайында "Bek Air" әуе компаниясының "Fokker-100" ұшағы апатқа ұшыраған болатын.