Тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік су тасқынынан зардап шеккен жоқ - министрлік

Sputnik
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі деректері бойынша, еріген судан зардап шеккен Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы тұрақтандыру қорларында бүгінде 63,4 мың тонна азық-түлік бар.
"Барлық өнім құрғақ жерде сақталады және тасқын судан зақым келген жоқ. Басқа өңірлердің тұрақтандыру қорларында шамамен 110 мың тонна азық-түлік қоры бар және қажет болған жағдайда ол қор зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін", - делінген министрлік хабарламасында.
Вице-премьер Серік Жұманғарин зардап шеккен өңірлерде дүкендер мен сауда орындарының жұмысын барынша тез қалпына келтіруге және азық-түлік қорларын қажетті көлемде шектеуден шығаруға назар аудару қажеттігін айтты.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары "Азық-түлік корпорациясы" АҚ-ға өңірлерді ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықпен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.