Су біз күтпеген жерден келді – вице-министр

Сыздықов әлемде бірде-бір ел даладан келетін суды есепке алмайтынын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов биыл су өзендерден емес, даладан келгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Су басқан бес облыс туралы айтар болсақ, егер байқасаңыздар, мұнда су өзендерден емес, даладан келіп жатыр. Шындығына келсек, су біз күтпеген жерден келді, яғни даладан келіп жатыр", -деп түсіндірді Сыздықов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, бұған дейін болған су тасқындарының бәрі су қоймасы мен техникалық құрылымы бар реттелетін өзендермен байланысты болды.
Вице-министр әлемде бірде-бір ел даладан келетін суды есепке алмайтынын атап өтті. Тек өзендер мен су қоймаларынан, су жинағыштардан түсетін су ғана ескеріледі.
ТЖМ ақпаратынша, қазір елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, бірақ күрделі. Батыс аймақтарда су аздап төмендеген, алайда орталық, солтүстік және шығыста өзендер деңгейінің қарқынды көтеріліп жатқаны байқалады.
Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр, су тасқыны басталғалы бері әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялаған.