Қазақстанда шәует донорларын бақылайтын бірыңғай база жоқ – эмбриолог

Sputnik
АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстанда аталық және аналық ұрықтарын тапсыратындар артып барады. Sputnik Қазақстан тілшісі донорлық мәселесін зерттеп көрді.
Айнұрдың жасы – 22-де. Аналық ұрық тапсырып ақша табуға болатыны туралы құрбысынан естіген.
"Бұған дейін жұмыртқа жасушасын өткізу арқылы донор болу туралы білмегенмін. Құрбымнан естідім, ол бұған дейін бірнеше рет өткізген. Тіпті 6 ай сайын барып, 4-5 рет өткізеді, еш зияны болмаған. Арнайы орталыққа барып, барлық тексеруден өттім. Бірден ультрадыбыстық тексеруден өтеді екенсіз. Менің сараптама қорытындым өте жақсы болды. Негізі әйелдің ағзасындағы аналық жұмыртқа келткасы аз дегенде 6-7 тал болады екен. Менде солай болды Келесі барғанымда 17-18-ге дейін көтеріліп кеткен, белсенді болып тұрды", - дейді Айнұр есімді кейіпкер.
Өткізген адамның жұмыртқа клеткасының санына қарай алатын ақшасы да қомақты.

"0-ден 6-ға дейін болса 100 мың теңге, егер жұмыртка клеткаңыз 10-нан көп болса 200 мың теңгеден көп аласыз. Ал 17-ден көп болса 300 мың теңге дейін төлейді. Негізі жұмыртқа клеткасына төленетін ақша санына қарай ең көп дегенде 500 мың теңгеге барады. Негізі донор болып барғандардың түр-сипатына, дене бітіміне де қарайды. Өйткені кім болса да баласының әдемі болғанын қалайды. Мен ЭКҰ орталыққа барғанда аналық клеткаға мұқтаж жандар өте көп екен, сондай-ақ өздерінің биоматериалдарын тапсыратындар да көп. Негізі ол жерге ақша үшін бардым", - дейді Айжан.

Орталықта жұмыртқа клеткасына зәру адамдар өте көп, кезек ұзын-сонар, дейді ол.
"Донор ер адамдар да көп, бірақ оларға донор болу өте қиын екен. Мысалы бір күнде 20-30 ер адам шәуетін тапсырса, соның 2-3-уі ғана өтеді екен. Өйткені ер адамдардың шәует клеткалары өте әлсіз, тіпті біреуге салғанның өзінде ол өмір сүрмейді. Оның үстіне ер адамдардың сараптамасы да өте ұзақ, әрі ауыр жасалады екен. Мен күйеуімді донор болуға келістірдім. Бірақ жарамай қалды, өйткені денсаулығы нашар. Мүмкін сол себепті болар олардың бір клеткасы 40-мың теңгеге бағаланады екен. Орталыққа барып донор болғысы келіп жүрген ер адамдар да өте көп", - дейді кейіпкер.
Донор боламын деп барған Айнұр кейіннен құрсақ ана болам деп шешім шығарған. Өйткені жұмыртқа клеткамен тиындап тапқаннан гөрі, құрсақ ана болған әлдеқайда тиімді дейді.
"Өзімнің екі балам бар. Мен сурогат ана болуға келістім, өйткені оның ақшасы қомақты. Мысалы маған айына 200 мың теңге төлеп тұрады, қосымша 5-6 млн теңге береді. Өткен жолы жалдап тұратын пәтер таппай, далада тентіреп қалдық. Егер құрсақ ана болып қомақты ақша алсам, бірінші кезекте баспанамның алғашқы жарнасын төлеп, үй аламын. Негізі жолдасымыз екеуміздің кірісіміз айына 500 мың теңге. Күнделікті бала күтушіге төлейтініміз бар, пәтерақымыз бар, ақша ешнәрсеге жетпейді", - дейді ол.
Айнұр қытай отбасына құрсақ ана болатынын айтады. Тіпті Айнұрға таласып, сурогат орталықтар жанжалдасқан көрінеді.
Эмбриолог Еларман Бұянжарғалдың айтуынша, донорлық бұл әр адамның жеке өз шешімі.

"Биоматериалдарын тапсырған ер мен әйелдердің басым көпшілігі ақша үшін келеді. Мысалы шәует донорына жүйке-жүйесі және физикалық жақсы кез келген ер адам келе алады. 18-35 жас аралығындағы бойы 170 см жоғары ер адам шәует доноры бола алады. Бірақ медициналық сарапата күрделі, бірнеше кезең тексеруден өтеді. Донор болған адамның 3 жасқа дейінгі фотосын сұраймыз, өйткені болашақ әке-шешесіне баланың түрі ұқсауы керек. Фотосына қарап әке-шешесі сол шәует клеткасына тапсырыс береді", - дейді эмбриолог Еларман Бұянжарғал.

Болашақта бір адамның шәуетінен дүниеге келген бірнеше бала бір-бірімен үйленуі мүмкін бе деген Sputnik Қазақстан тілшісіне маман шәует иесінің қай жүз, қай рудан шыққаны жазылады дейді.
"Негізі шәует донордың қан тобы, ұлты барлығы анықталады. Мысалы қазақ донор болса, міндетті түрде жүзі, руы бәрі жазылады. 10 баласы аман есен туылған донор келесі жолы шәует доноры бола алмайды, бұл денсаулық министрлігінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген. Бірақ өкініше орай бізде донорларды бақылау жасайтын база жоқ. Донор бізде тапсырып, сосын басқа орталыққа барып тапсырып жатыр ма, ол жағы белгісіз. Мысалы Еуропада ортақ база бар, бір донордан 20 бала туылса болды басқа жерде биоматериалын тапсыра алмайды. Ал бізде ондай шектеу қоятын мүмкіндік жоқ. Бұл негізі өзекті сұрақ, бұл туралы парламентте де көтерілген", - дейді эмбриолог.