АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Қазақстанда мыңдаған оқушының білім сапасы тексеріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрлікке сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 15 сәуірден бастап қазақстандық мектептерде оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі басталады. Оған 2462 мектеп бойынша 4-ші және 9-сыныптарында оқитын 150 мыңға жуық оқушы қатысады.
"Мониторинг арқылы оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, сондай-ақ, оқу процесінің осал тұстарын анықтауға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде білім беру сапасын арттыру үшін әр аймақ пен нақты білім беру ұйымы бойынша кешенді талдау және әдістемелік ұсынымдар әзірленеді", - дейді министрлік мамандары.
Мониторинг сауаттылықтың үш бағыты бойынша жүргізіледі. Олар:
оқу сауаттылығы;
математика;
жаратылыстану;
Оқушылар тестілеуді компьютермен тапсырады. Сондай-ақ білім беру жетістіктерінің әртүрлі мәндік факторларын анықтау сауалнама жүргізіледі. Оған оқушылар, педагогтер, мектеп басшылары мен төртінші сынып оқушыларының ата-аналары қатысады.
Айта кету керек, білім жетістіктерінің мониторингі 26 сәуірге дейін жалғасады.