АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқынының салдары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, алдын алу шаралары 11 өңірде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді.
"Десе де бес өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскесі мен төрт көпірді (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. Көлік қатынасынсыз 50 елді мекен қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік", - деді Сыздықов үкімет отырысында.
Айтуынша, қазір су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда. Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр.
"Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады", - деді вице-министр.